wordpress themes.

Евгений Жовтис, адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы кеңесінің төрағасы. «Саяси қызмет және саяси плюрализм бостандығы». Демократияны дамыту жөніндегі ККБО АӨДА секторлық мәжілісінің КҮН ТӘРТІБІ

Құрметті қатысушылар,

Бұл мәжіліс демократияны дамытуға арналғандықтан және осында жиналғандардың барлығы өз мемлекетінің болашағын демократиялық мемлекет ретінде елестететіндіктен, сөзімді демократия ұғымына берілген заманауи анықтамадан бастағым келеді.

Қазіргі түсіндірмелерде «демократия» термині биліктің белгілі бір жүйесін, халықтың еркін және бәсекелестік тұрғыдан қоғамдық дамудың белгілі бір түрін таңдағанын сипаттайтын  саяси өмірді ұйымдастыру формасын білдіреді.

Демократия дегеніміз билік көзі ретінде халықтың қалауына, халықтың мемлекеттік және қоғамдық істерді шешуге қатысу құқығына және азаматтардың  кең көлемді құқығы мен бостандығына  негізделген саяси жүйенің, қоғамдық өмірді ұйымдастырудың қызмет ету тәсілі.

Қазіргі конституциялық құрылым мен саяси жүйенің қызмет ету тәртібі ретінде демократияның негізгі сипатына:

– халықтың мемлекеттегі билік көзін мойындауы;

– адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жариялап, оларды өмірде іске асыру;

– көпшіліктің шешім қабылдауы және азшылықтың құқықтарын мейлінше сақтаған жағдайда және шешім қабылдау кезінде олардың пікірін есепке алған жағдайда азшылықтың көпшілікке бағынуы;

– қоғамның тек қажет болған жағдайда және заң шеңберінде ғана әрекет ететін әскери құрылымдарға демократиялық бақылау жасауы;

– үгіттеу, келісу, мәмілеге келу тәсілдерінің үстем құруы; күш көрсету, мәжбүрлеу, қинау сияқты тәсілдерден бас тарту;

– құқықтық мемлекет қағидаларын, соның ішінде, билікті бөлу қағидаларын өмірде іске асыру жатады.

Демек, демократия дегеніміз жағдай емес, үрдіс, ол белгілі бір қағидаларға негізделген саяси өмірді ұйымдастыру формасын дамыту үрдісі болып табылады.

Демократияның басты қағидаларының бірі плюрализм қағидасы, яғни, қоғамдық мүдделер (саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, діни, топтық, өлкелік және т.б.) мен оларды білдіру (саяси топтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және т.б.) жолдарының әр түрлілігі.

Саяси плюрализм демократиялық қоғам құрылымының басты қағидаларының бірі, бұл қағидаға сәйкес қоғамдық-саяси өмір бір-бірімен өзара байланыста (автономды да) болатын көптеген әлеуметтік және саяси топтарды, партияларды, ұйымдарды қамтуы керек. Бұл топтардың нұсқаулары ұдайы салғастыруда, бәсекеде және таласта болады.

Мұндай саяси плюрализмнен оның құрамдас бөлігі болып табылатын негізгі қағидалар келіп шығады. Олар мыналар:

• Бақталастық пен бәсекелестік арасындағы байланыс пен қайшылықты демократиялық саяси мәдениеттің қағидасы деп, ал оның даму қарқынының қағидасын қоғамдық өмірдің барлық саласының заңды бастауы және негізі деп қабылдау;

• идеологиялық біржақтылықты (идеологиялық монизм) жоққа шығарып, басқалардың мүддесі мен көзқарасын жекеменшіктің бар болуының басты шарты ретінде қабылдау, яғни, адамдар мен ұйымдарға тиесілі құқықты басқаша көзқараспен қабылдау;

• өз қалауымен өзін шектей білу және ұстай білу, бір бірінің айтқан тоқтамын қабылдай білу шартына негізделген келісу және бәтуаға келу: плюрализм бас көтеру, көтеріліс, төңкеріс жасау, азаматтық соғыс, саяси лаңкестік және іріткі салушылық сияқты қақтығысты күшпен шешетін әдіс тәсілдерді мойындамайды;

• кейбір қоғамдық институттар құрылымдардың әлеуметтік және заңдық тұрғыдан бекітілген ұйымдастырушылық, құқықтық және басқа да артықшылықтарын жоққа шығару және барлығының заң алдындағы дербестігі мен тең құқықтылығын мойындайды: ешкім де, ештеме де (партия болсын немесе ұйымдасқан саяси күш болсын) барлық қоғамның мүддесін басқарып, оларға өз қалауын күшпен таңа алмайды.

Мен аталмыш теориялық талқылауға әдейі тоқтап өттім, себебі, дәл осылар, мысалы, Қазақстан мүшесі болып табылатын Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық құжаттарда бекітілген демократиялық дамудың халықаралық стандартының негізін құрай алады.   Саяси плюрализмді қамтамасыз ету саласындағы халықаралық құқық және халықаралық тәжірибе жоғарыда атап өтілген қағидаларға негізделеді және осы қағидаларға сүйене отырып, кез келген мемлекетте болып жатқан жағдайға баға береді, дәл осы қағидалардың берген түсініктемесіне сүйене отырып, мемлекетті іштей немесе сырттай сынауға мүмкіндік туады.

Осы қағидалар мен оларға берілген халықаралық түсініктемелерге сүйене отырып, біздің елімізде қалыптасқан жағдайға баға беріп, біраз ұсыныс жасағым келеді.

Саяси плюрализм қағидасын іске асыру үшін оны Конституцияға ғана тіркеп қою жеткіліксіз деп ойлаймын. Оны іс жүзінде жүзеге асыру қажет.         Ал өмірде оның жүзеге асуы саяси көзқарасты білдіре алу бостандығынан басталады. Бұл саяси көзқарас күш қолдану мен фашистік немесе адамзатқа қарсы күш көрсетуді насихаттайтын көзқарастан басқаларының барлығын қамтиды.

Бұл көзқарасты біздегі билік құрылымдарының ойлағанындай саяси партиялардың өкілдері ғана емес,  барлық адам білдіре алады. Биліктің саяси іс -әрекетті осылайша түсіндіруіне байланысты біздің азаматтарымыз саяси тақырыпқа ашық әңгіме қозғаудан бас тартып, саясатты әлде бір тыйым салынған дүние ретінде қабылдайды. Бұл «біз саясатпен айналыспаймыз» деп дәлелдеуге тырысып бағатын қоғамның әлеуметтік белсенді тобына және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарға да қатысты. Дегенмен, қоғамдық ұйымдар өмірдің кез-келген саласында өзгертулер жүргізу керектігін талап еткенде, билікпен келіссөздер жүргізгенде олардың саясаттан басқа ештемемен айналыспайтындығы өз-өзінен түсінікті. Оларды саясаты билік үшінгі күрес саясаты емес, қоғамдық саясат.

Кейде Жовтис құқыққорғаушы бола тұрып, саясатпен айналысуда деген әңгімелерді де құлағым шалып қалады. Әрине, саяси тақырып бойынша сөйлеймін, сөйлей де беремін, өйткені мен өз елімнің азаматымын. Өз елімнің азаматы ретінде мен сайлауларда дауыс беру арқылы өз елімді басқаруға қатысу құқығымды іске асырып қана қоймаймын, сондай-ақ, мемлекетті саяси тұрғыдан дамытуға да өз үлесімді қоса аламын. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Конституцияға сәйкес, еліміздің барлық азаматтары барлық мәселе бойынша, соның ішінде саяси мәселелер бойынша өз ойларын еркін білдіруге құқылы. Сондықтан, ресми саяси бағытпен келіспейтіндерді билік үшін күресетін оппозиционерлер деп емес, ел дамуына немқұрайлы қарамайтын, әлеуметтік белсенді азаматтар деп қабылдау керек.

Олардың саяси партиялардың мүшелерінен бірден бір айырмашылығы – олар билік үшін немесе билікке келу үшін күреспейді. Мен ешқандай да саяси партияның мүшесі емеспін. Егер мен билік үшін күрескім келсе мен саяси партияға мүше бола аламын, ал, ондай мақсатым болмаса  мен елімізді дамыту жолдары жөніндегі қоғамдық-саяси пікірталасқа қатысамын. Ал, бұл демократиялық қоғам үшін қалыпты жағдай.

Бұдан билікке ұсынар бірінші ұсыныс туындайды: егер біз қоғам өкілдерінің нағыз азамат болып шығуын қалайтын болсақ ол туралы жеке басын куәландыратын құжатқа немесе паспортқа жазып қана қоймай, сондай-ақ, саяси пікірталастарды, саяси жарыссөздерді қолдауымыз керек.

Саяси жарыссөздер көзқарасты білдіріп, әр түрлі саяси күштер арасында диалогтың өрбуіне жол ашатын, бәсекелестік ортаны құрып, демократиялық саяси күштерді қолдауға мүмкіндік тудыратын басты тәсілдердің бірі.

Қарапайым сұрақ:  Соңғы рет біз қашан мемлекеттік телеарна экрандарынан, біздің жалпыұлттық каналдарымыздан («Хабар», «Қазақстан») басқа саяси көзқарасты ұстанатындарды немесе оппозиция өкілдерін көрдік?  Мен сайлау кампаниясы кезінде бөлінетін оншақты минутты есепке алмаймын. Айталық, соңғы он жылда орын алған мұндай сюжетті білмейді екенмін. Ал, нағыз саяси жарыссөзді көрмегеніміз туралы айтудың қажеті де жоқ.  Шын мәнінде, саяси, экономикалық және  қауіпсіздікпен қамтамасыз ету салаларында мемлекет атына жасалған ішкі және сыртқы сындар толып жатыр. Қоғам балама күштер туралы білуі керек, оны басқалармен салыстыра алуы керек, жеткілікті және жан-жақты ақпарат негізінде сайлай алу құқығына ие болуы керек. Ал, біздің қоғам оппозицияның ешқандай бағдарламасы жоқ, ал Қазақстанды саяси тұрғыдан дамытудың еш балама тәсілі жоқ деп ойлайды, ал, бұл, қоғамда оппозиция туралы ақпараттың мүлдем жоқ екендігімен байланысты.

Диктатура мен тоталитарлық тәртіптің салдарларын басынан өткізіп жатқан бірқатар мемлекеттерде оппозицияның заңнамадан бастап жалпыұлттық баспасөз ақпарат құралдарына қолы жетімді болуы үшін арнайы шаралар қабылдануда. Бұл не мемлекетке тәуелсіз ақпарат құралдары арқылы іске асады, не оппозицияның жалпыұлттық мемлекеттік телеарна және радиоканалдары арқылы өз құқықтарын бекіту арқылы іске асады.

Осыдан, билікке ұсынар екінші ұсыныс келіп шығады: оппозиция мен саяси басқаша ойлаушыларды өз ой пікірін жалпыұлттық теле және радиоканалдарда білдіру құқығымен қамтамасыз ету.

Әрекет жасауға қабілетті саяси жүйені қалыптастыру мұндай жүйенің негізгі элементі ретінде саяси партияның дамысымен байланысты. Мемлекет пен қоғам саяси партиялардың дамуына, олардың балама күш болатынына, осы баламаны қоғам назарына жеткізуге, бәсекелестік ортаны жасауға, өздерінің ұсынатын саяси бағыттарды іске асыру үшін еркін және әділ сайлау арқылы билікке келу мүмкіндігімен қамтамасыз етуге мүдделілік танытуы керек. Мүмкіндік дегеніміз билікке келуге берілетін кепілдік дегенді білдірмейді, алайда бұл мүмкіндік нақты және адал бәсекелестікті іске асыру тетіктерімен қамтамасыз етілген болуы керек.

Біздің саяси жүйемізде адал саяси бәсекелестікпен қамтамасыз ететін тетіктер жоқ.

Негізгі мәселе саяси партияларды құрып, тіркеуден өткізу кезінде басталады. Әр түрлі бюрократиялық кедергілер мен талаптар қиындата түсетін саяси партиялардың санына қатысты талаптар, заңдық тұрғыдан анықталмаған  жарғылық құжаттарды тексеруге байланысты тәртіптер биліктің саяси жүйені дамытып, оның басты элементі болып табылатын саяси партияларды құруға құлықты екендігіне күмән келтіреді.

«Алға» партиясы сияқты саяси партияның тіркеуден өту үшін бес жыл күтуі ешбір демократиялық мемлекетте болған жағдай емес.

Саяси партиялардың іс әрекетін тоқтату немесе оған шектеу қою тәртібі халықаралық стандарттар мен ұлттық тәртіпке сай келмейді.

Саяси партияларға тыйым салу немесе тарату жөніндегі аталмыш  стандарттарға, атап айтсақ, Қазақстан мүшесі болып табылатын Еуропа Кеңесінің Венециандық комиссиясының Қағидаларына сәйкес  бұл тәртіптер шамасынша күрделі болуы және шешімдер шамаластық қағидасына сай келуі керек және мұндай шешімдерді ерекше жағдайларда, мемлекеттің жоғары сот орындары ғана саяси оппозицияның мүддесін қорғау үшін қабылдауы керек.

Еуропадағы бірнеше коммунистік партияларға қойылған шектеулерді, сондай-ақ, 1991 жылғы бүлікке байланысты КСРО республикаларында орын алған шектеулерді есептемегенде, соңғы 55 жылда саяси плюрализм мен көп партиялық қалыптасқан мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстан 2010 жылы төрағалық еткен ЕҚЫҰ мүшесі болып табылатын мемлекеттерде үш қана саяси партияның әрекетіне шектеу қойылған. Олар: Түркиядағы «Рефақ» исламдық партиясы, Испаниядағы баскілік «Ботасуна» партиясы және Түркияның Социалистік партиясы (ал бұл шешімді адам құқығы жөніндегі Еуропалық сот жоққа шығарған) және тағы бір партия – Армиян   Революциялық Федерациясының «Дашнакцутюн» партиясының әрекеті тоқтатылғанмен, кейіннен ол шешімді сот заңсыз деп тапты.

Ал Қазақстанда соңғы он жылда «ДВК» және «Алға» сияқты екі саяси партияның іс әрекетіне шектеу қойылды, ал, әр түрлі формалды себептерге байланысты Коммунистік партияның әрекеті бірнеше мәрте тоқтатылды.

Мен қазір сот шешімдерін талдап жатпаймын, дегенмен, «ДВК» партиясының іс-әрекетін  бұл партияның қоғамды  азаматтық тұрғыдан бас имеуге шақыруы конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру болып табылады деп санаған сарапшы қорытындысының негізінде  тоқтатуы Махатма Ганди мен Мартин Лютер Кингті және олардың күш қолданбай күресу теориясын білетін саясатанушылар мен саясаткерлерді әлі күнге дейін таң қалдыруда.

Қалай дегенмен де, қолда бар фактіні жоққа шығара алмаймыз.

Осыған байланысты, билікке жолдар үшінші ұсыныс: саяси партияларды құрып, әрекет етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік саясатты жасау, ол үшін партиялар құру мен олардың әрекет етуін құқықтық тұрғыдан ретк келтіру саласындағы, сондай-ақ, саяси партияларға шектеу қою мен оларды тарату жөніндегі заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру.

          Саяси плюрализмді қалыптастыру тетігі бойынша және еркін және адал сайлау жөніндегі түсініктемелер мен ұсыныстарға мен осы мәселеге арналған сессияда кеңінен тоқталатын боламын.

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

 

Астана, 27-мамыр, 2013ж.

Сендер түсініктемені немесе сілтемені , сіздің сайтыңызға қалдыру білесіңдер.

Қалдыр түсініктеме

Яндекс.Метрика Рейтинг@Mail.ru