wordpress themes.

«Қазақстан Республикасында ар-ұждан бостандығын сақтау мәселесі»

Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы кеңесінің төрағасы Евгений Александрович Жовтистің ККБО АӨДА алтыншы секторлық мәжілісінде сөйлеген сөзі

         Құрметті мәжіліске қатысушылар,

Өкінішке орай, соңғы жылдары ар-ұждан және дін бостандығы мәселесі жергілікті және халықаралық құқыққорғау ұйымдарының берген бағасы мен биліктің бағасы мүлдем кереғар болып келетін мәселелер қатарынан табылуда.

Конституциямыздың бірнеше тұжырымдамасына назарларыңызды аударғым келеді:

– 1 б.- «Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады»;

– 5 б. – «Қазақстан Республикасы идеологиялық әр түрлілікті құптайды … заң алдында қоғамдық бірлестіктер тең құқылы»;

– 14 б. – «діні, наным сеніміне байланысты еш адамды кемсітуге болмайды»;

– 20 б. – «сөз бостандығына кепілдік беріледі. Цензураға жол берілмейді».

Конституцияның бұл тұжырымдамалары менің ойымша, мемлекет пен діни ұйымдарға қатысты мәселелерде бұрмалануда.

Қазақстандық билік біздің мемлекетіміздің дін үшін «жұмақ» екендігін танбай айтса дағы, елімізде дүниежүзілік діндерге арналған форумдар өткізіліп тұрса да, барлық дінді бірдей қабылдап, оларды сыйлайды десе де шын мәнінде жағдай мүлдем басқаша, соңғы жылдары мүлдем шиеленісіп кетті десе де болады.

Соңғы жылдары болып жатқан ЕҚЫҰ адами өлшемдер жөніндегі жиналыстарда, құқыққорғау конференцияларында сөз алған көптеген дүниежүзіне аты танымал конфессия өкілдері Қазақстандағы ахуалды қатаң сынға алуда. Мұндай жағдайды елестету бірнеше жыл бұрын мүмкін емес еді.

Діни әрекеттер мен діни бірлестіктер туралы 2011 жылғы Заңды қабылдағаннан кейін Қазақстан Заңнамасы ЕҚЫҰ кеңістігіндегі бірден-бір болмаса дағы, ең репрессивті заңдар қатарынан орын алды.

Аталмыш заңнама мен құқық қолдану тәжірибесі ар-ұждан және дін бостандығы саласындағы халықаралық міндеттемелерді, атап айтсақ, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі Халықаралық пактіні Қазақстанның өрескел бұзуына мүмкіндік беруде.

Аталмыш заңнама мен тәжірибе біздің алдыңғы мәжілістеріміздің бірінде кеңінен сөз болған адам құқығы саласындағы халықаралық құқықтың негізгі қағидаларына, атап айтсақ, құқық презумпциясы қағидасына, шамаластық қағидасына, заңды тұрғыдан жорамалдау және нақтылық қағидасына сәйкес келмейді.

Мұның сыртында, заңнама да, тәжірибе де діни бірлестіктерге деген кемсітушілік көзқарасты білдіреді.

Алдымен, арнайы тәртіпке салып, реттеуге келмейтін ар-ұждан мен дін бостандығын биліктің тек сену немесе сенбеу бостандығы ретінде қабылдайтындығын айта кеткім келеді.

Алайда, бұл құқық дінді және наным сенімді қабылдау немесе қабылдамау, бір өзі немесе басқалармен бірге құлшылық ету, табыну, діни және салттық жоралғыларды өз бетімен немесе ашық түрде басқалармен бірге орындау бостандығын да қамтиды.

Бұған төмендегі құқықтарды жатқызуға болады:

– дін және наным-сенімге байланысты жиналу, осы мақсатпен жиналыс орнын ашып, пайдалана алу құқығы;

– осыған қатысты қайырымдылық немесе гуманитарлық мекемелерін ашу;

– діни салттар немесе дәстүрлерге, наным-сенімдерге қажетті заттар мен материалдарды жасау, пайдалану және оған қол жеткізу;

– осы салаларға қатысты жарияланымдарды жазу, шығару және тарату;

– осы мақсатқа сай келетін орындарда дін немесе наным-сенім мәселелері жөнінде сабақ өткізу;

– жеке адамдар мен ұйымдардың өз бетімен қаржылай көмек көрсетуін немесе басқа да жәрдем көрсетуін өтіну және қабылдау;

– мұрагерлік құқығы бойынша жетекшілерін дайындау, тағайындау немесе сайлау;

– демалыс күндерін белгілеу, мерекелерді тойлау және салттарды атқару;

– ұлттық және халықаралық деңгейде жеке адамдармен және бірлестіктермен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасау.

-Ар-ұждан және дін бостандығы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын бұл құқықтарды шектеу тек шектеу қою межелерін сақтай отырып қана іске асырылуы керек.

Негізгі мәселе діни бірлестіктерді міндетті түрде тіркеуде жатыр, бұл халықаралық стандарттарға қайшы келеді. Бұл тіркеуге тұрмай, жоғарыда атап өткен құқыққа қол жеткізу мүмкін болмайды дегенді білдіреді. Яғни, ар-ұждан және сыйыну құқығын бірлесе атқару үшін бас қосқан азаматтар жиыны заңсыз деп танылады және тіркеуден өтпеген жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Осылайша тіркеуге тұруды билік банкте шот ашып, ақшалай қаражатқа қол жеткізіп, пайдалану, коммерциялық емес әрекет жағдайында салықтық жеңілдікке қол жеткізу үшін заңды тұлға мәртебесін алуға қажетті техникалық рәсім ретінде емес, керісінше, сыйынуға рұқсат алу, лицензияға қол жеткізу жүйесі ретінде қабылдайды.

Сондай-ақ, аталмыш тіркеу рәсімі қойылатын талаптарына байланысты кемсітушілік сипатқа ие. Егер әдеттегі қоғамдық бірлестікті ашып, тіркеу үшін 10 адам жеткілікті болса (ол жергілікті қоғамдық бірлестік ретінде қарастырылады), өлкелік қоғамдық бірлестік үшін Қазақстанның екі  аймағында бөлімше ашса жетіп жатыр, ал, республикалық бірлестік үшін Қазақстанның 16 аймағының тең жартысында, яғни сегіз аймақта бөлімшесі болуы шарт. Демек, жергілікті діни бірлестікті тіркеу үшін 50-ден кем емес, аймақтық бірлестік үшін 500 адам, республикалық бірлестік үшін 5000 адам болуы керек деген шарт халықаралық стандартқа сәйкес келмейді. Бұл тіркелу үшін 40000-нан кем емес мүшесі болуы керек саяси партияға қойылатын талаппен бірдей.

Ең қызығы, діни әрекетті тіркеуге күшпен таңып қойған тіркеу үрдісінде еш қисын жоқ. Өз дінін еркін тарата алмайтын қандай дін өкілі 500 тіпті 5000 мүшені айтпағанда, 50 адамды еркін жинай алмақ? Ол мұншалықты адам жинай алмайды, ол тіркелген жағдайда, ары кетсе, миссионер ретінде тіркелсе ғана бұған қол жеткізе алмақ.

Оның сыртында, қоғамдық бірлестіктерді географиялық тұрғыдан осылайша байлап, матау кеңес дәуірінен мұрагерлікке қалған «тіркеу» жүйесін еске түсіреді, тек бұл қоғамдық ұйымдарға қатысты. Сондай-ақ, ол заңды тұлғаның орналасу мекен жайы мен салық төлеу орнын анықтап қана қоймайды, ол сондай-ақ, «олардың таралу аймағын» да шектемек. Кейбір жерлерде жергілікті деп тіркелген діни бірлестіктер тағы бір жерлерде заңсыз деп танылған. Мұндай діни бірлестіктің уағызшылары басқа жерге барған жағдайда заңсыз миссионерлік қызметпен айналысты деп оларды әкімшілік жауапкершілікке тартады.

Сондай-ақ, билік бірлестіктің тіркелген жерінен тыс жерлерде құлшылық етумен айналысқан діндарларды да жауапкершілікке тартады. Бұл еш географиялық шектеу қойылмайтын, сондай-ақ, еш қиындықсыз саудасын іске асыратын, тіркелген мекен жайына қарамастан мемлекеттің барлық аумағында кәсіпкерлікпен айналыса беретін коммерциялық ұйымдармен салыстырғанда қоғамдық бірлестіктерді, соның ішінде, діни бірлестіктерді көрер көзге кемсіту болып табылмақ.

Мұндай кемсітушілікке, тіптен, цензураға діни әдебиеттерді таратумен айналысатын діни бірлестіктер де тап болуда. Діни әдебиеттерден басқа ешбір әдебиет, мейлі ол ғылыми болсын, мейлі ол философиялық, тіптен, көңіл көтеруге арналған болса да мұндай цензураға ұшыраған емес. Шет елдерден әкелінген мұндай әдебиеттерді дінтанушылық сараптаудан өткізгеннен кейін ғана қолдануға болады, ал бұл, менің ойымша Конституциямызға қайшы. Ал мұндай іспен бұрын әдебиет пен баспа істері жөніндегі бас басқармасының арнайы бөлімі ғана айналысатын. Енді Кеңес Одағы кезіндегідей барлық әдебиетке толық масштабты шектеу қою ғана қалды.

Аэропорттарда діни әдебиеттерді табу мақсатымен діни бірлестіктер өкілдері тінтіледі. Мұндай әдебиеттерді бас бостандығынан айырылған адамдардың сақтауына рұқсат етілмейді, оларды арнайы орындарда ғана таратуды талап етеді, мұндай әдебиеттерді тегін таратқандарды жауапкершілікке тартады. Енді діни әдебиеттерді күңгірт целлофандарға орап, эротикалық мазмұндас әдебиеттермен тең дәрежеде қарастыру ғана қалды.

Былайша алып қарасаңыз, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы дін істері жөніндегі Агенттік деп аталатын арнайы орында діни сараптама жүргізудің өзі қажеті жоқ діни бірлестіктермен күресу үшін биліктің қолданатын репрессивтік құралдардың бірі болып табылады. Бірнеше дінтанушы мамандар өз білімдерінің негізінде кез-келген діни доктринаға сараптама қорытынды жасайды, кейіннен оны діни бірлестікті тіркеуден бас тарту, оны уағыздаушыларды жауапкершілікке тарту және т.б. құқықтық жаза ретінде қолданады. Шын мәнінде, теологиялық пікірталастарды әкімшілік-құқықтық немесе қылмыстық-құқықтық мақсаттарда қолданады.

Мұндай жағдайда мамандар немесе сарапшылар қорытынды жасайды, ал, бұл қорытындылар олардың біліктілігі мен біліміне күмән туғызады. Мұндай сарапшылардың жасаған ең бір «экзотикалық» пайымдауларының біразын атап өтейін. Уағызшы адамдардың толық жетілмегендігі туралы әңгіме қозғайды, ал бұл, «адамзат руына» жататын адамдарды руға бөлушілік ретінде қабылданады. Рулық араздыққа шектеу қою мәселесін Конституцияға енгізу кезінде заңнамашы қазақ рулары арасындағы алауыздық туралы айтқандығында сөз жоқ. Әрине, оның адамзат руын айтпағандығы белгілі, әйтпегенде оның кімнің және ненің арасындағы алауыздық жөнінде айтқандығы түсініксіз. «Сарапшының» тағы бір қорытындысы Құдайға құлшылық ету және шіркеуде қызмет ету Қазақстан Республикасы отбасы заңнамасының негізін жояды. Немесе шіркеуге барушылар өздерін христианбыз деп санаса да, кейбір шіркеулер христиандық болып есептелмейді. «Сарапшының» неохристиандық туралы ештеме оқымағандығы көрініп тұр. Пастор Кашкумбаев тергеу кезінде Құдайға сенемін және онымен сөйлесемін десе онда параноидтық шизофрения белгісі бар болғандығы, яғни оны психиатрлық сараптамаға жіберу керек.

Бір баспасөз-конференциясы кезінде мен пастор Кашкумбаевты психиатрлық сараптамадан өткізбес бұрын биліктің қарапайым екі сұраққа жауап беруін өтінген едім: «Құдай бар ма?», ал бар болса «пастор онымен сөйлесе ала ма?»

Тағы бір жерлерде уағыздаушы Мухаммед пайғамбар қайта тірілмейді, ал Христос тіріледі дегендігі үшін діни араздық тудырды деп оған қарсы қылмыстық іс қозғаған.

Мен ғалымдардың халықаралық ассоциациясына осы сараптамаларды жіберіп, дүние жүзі мойындаған аталмыш сарапшылар бұл зерттеулер жөнінде өз қорытындыларын берулерін және халықаралық деңгейде аталмыш жалған ғалымдардың нағыз бет пердесін ашып беруін, осылайша, біздің биліктің бұл қорытындыны сарапшылардың қорытындысы ретінде қабылдамауы үшін барлық жағдайды жасауын өтіндім.

Іс жүзінде ар-ұждан және дін бостандығы жағдайы күннен күнге нашарлап келеді. Жаңа заң күшіне енгеннен кейін 1500-дей діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтпей қалды.

Ел көлемінде уағызшылар мен қарапайым діндарларға діни әдебиеттерді таратқандары үшін айып пұл салып, Библияны, Құранды тартып алуда, діни салттарды жеке үйлерде жүргізгені үшін айып тағып, заңсыз миссионерлікті қудалауда.

Діни қайраткерлер мен діндарларға қоқан лоққы көрсетілуде, оған қарсы құқыққорғау органдары еш шара қолданбай отыр. Ең қызығы, қоқан лоққы көрсетушілер Әділет министрлігіне берілген діндарлар тізімін пайдалануда. Демек, сонда қызмет жасайтын кейбір қызметкерлер заңды бұза отырып, бұл тізімді басқаларға берді деуге негіз бар.

Айтпақшы, діндарлар тізімін жасау мен оларды әділет органдарында тіркеуге қатысты заңнама ережелері Конституцияның 19 бабына қайшы келеді. Ол бапта «әр адам өзінің діни көзқарасын … анықтауға және көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы» делінген. Тізімді жасап, оны тіркеуді міндеттеу Конституцияның аталмыш бабын бұзу болып табылады, себебі, азаматтардан олардың діни көзқарасын көрсету талап етіледі.

Атеист Харламов пен пастор Кашкумбаевқа қатысты қылмыстық іс жүргізілуде. Харламов тұтқындалғаннан кейін қаладан шықпайтындығы жөнінде қол хат берсе, Кашкумбаев бір айлық психиатрлық сараптамадан кейін есі дұрыс деп танылып, қазір қамауда жатыр.

Оның мәселесі бойынша адвокат тәуелсіз сарапшыларға жүгінді, себебі, суггестивтік психологиялық тәсілдер арқылы оның санасына әсер етілуде. Бұл үшін әуендерді пайдалануда. Бұған түсініктеме берудің еш қажеті жоқ, дегенмен, осы жолдарды ресми сараптамада көрсеткен мемлекеттік сарапшыларға соборларда өтетін орган саздарын тыңдап, соның негізінде осы саздың санаға тигізер әсерін талқылаған жөн екендігін айта кеткім келеді.

Биліктің алға тартар негізгі дәлелі – діни бірлестіктерді осылайша қатал бақылауға алу арқылы олар экстремизм мен радикализмнің таралуына қарсы, сондай-ақ, тұрғындардың ден саулығы мен адами қасиеті үшін күресе алады.

Мақсат көңілге қонымды, ал оны іске асыратын тәсіл дұрыс емес.

Бұл бандылармен адамдардың кез-келген тобын бақылауға алу арқылы күресу дегенді білдіреді. Бандылармен бандылармен күрескендей, мемлекетте бар құралдардың, құқыққорғау орындарының және ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен күресу керек. Бандылармен оларды міндетті тіркеуге алу арқылы күресудің еш қисыны жоқ. Барлық адамды қылмыстық әрекеттердің алдын алу үшін бақылау жөнсіз. Бұл тиімсіз және мемлекеттік қаражат пен уақытты жөнсіз шашу болып табылады. Егер кім де кім алаяқтықпен айналысса, егер де біреу басқаларға әсер етудің заңсыз тәсілін қолданса, егер де біреу экстремистік көзқарасты таратып жүрсе ұрыларға, кісі өлтірушілерге, лаңкестерге қарсы күрескендей дәлелдеңіздер, әшкерелеңіздер, олардың ізіне түсіңіздер.

Ал, өздерінің қалаған нәрсесіне сенгісі келетін қарапайым адамдардың тобын жайына қалдырған жөн және оларды бақылаудың қажеті жоқ. Ал барлығын бақылағыңыз келсе, турасын айтайын, мемлекет полицейлік сипатқа ие болады, оның демократияға еш қатысы жоқ.

Егер билік сынға құлақ асып, ар-ұждан мен дін бостандығы саласындағы халықаралық түсініктер мен стандарттарға, өздерінің мемлекеттік міндеттемелеріне, халықаралық тәжірибе мен демократиялық тетіктер мен тәртіптерге сай болғысы келсе, бұл біздің осы салада сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендігімізді білдіреді.

Мен үшін ар-ұждан мен дін бостандығымен қамтамасыз ету және оны қорғау саласы қандай да бір нақты тәжірибелік ұсыныс беру қиынға соғатын салаға жатады. Егер біз өзіміздің халықаралық міндеттемелерімізді орындағымыз келсе, осы салаға қатысты заңнамадан бастап, құқыққорғау тәжірибесіне дейінгі мемлекеттік саясатты түп тамырымен өзгертуіміз керек.

Қазақстандағы ар-ұждан мен дін бостандығы құқығының бұзылуы туралы жеке адамдардың шағымдары келіп түскен адам құқығы жөніндегі БҰҰ Комитетінің бастапқы шешімі бізге бұл мәселені шешуге көмектеседі деп сенемін.

Назарларыңызға рахмет.

 

Астана қ., 20 қараша 2013 ж.

Сендер түсініктемені немесе сілтемені , сіздің сайтыңызға қалдыру білесіңдер.

Қалдыр түсініктеме

Яндекс.Метрика Рейтинг@Mail.ru